Елімізге жауапкершіліктен қашпайтын жаңашыл жастар қажет - Тоқаев

Елімізде жастарға арналған қолдау бағдарламаларының игіліктерін 600 мыңнан аса азамат көріп отыр
Sputnik
АСТАНА, 12 тамыз – Sputnik. Мемлекет басшысы Халықаралық жастар күніне арналған "Jastar Fest" форумына қатысушыларға үндеу жолдады, деп хабарлады Ақорда.

"Сіздер барлық салада белсенді түрде еңбек етіп жатсыздар. Волонтер ретінде мұқтаж жандарға көмек беріп жүрсіздер. Маңызды бастамаларға, экологиялық іс-шараларға атсалысып, қолдау көрсетіп келесіздер. Спорт, білім сайыстарында топ жарып, елдің абыройын көтеріп жүрсіздер", - деген Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың таза әрі қуатты Қазақстанды құруға нақты үлес қосып жатқанын айтты.

Мемлекет басшысы жастар форумы Павлодар қаласында өтіп жатқанын еске салып, аймақты ұлт руханиятын байытуға өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті тұлғалардың мекені деп атады.
Тоқаев биыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы болғандықтан, ауқымды шаралар атқарылып, елімізде еңбек адамына әрдайым ерекше құрмет көрсетілуі керектігін ескертті. Мұны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру маңызды, деді президент.
"Озық ойлы жастардың қоғам өміріне белсене араласуы, білімпаздығы, еңбек етуге және өзін-өзі дамытуға құштарлығы қуантады. Өйткені еліміздің бүгіні де, ертеңі де – Сіздер. Отанымыздың тағдыры белгілі бір дәрежеде жас буынның күш-қуатына, ой-пікіріне, білім-білігіне, табандылығы мен патриоттық қасиеттеріне байланысты. Мемлекет өскелең ұрпаққа тиісті жағдай жасайды", - делінген президент үндеуінде.
Тоқаев елімізде жастарға арналған қолдау бағдарламаларының игіліктерін 600 мыңнан аса азамат көріп отырғанын айтты.
"Елімізге жауапкершіліктен қашпайтын, аянбай еңбек ететін әрі өзін ұдайы жетілдіріп отыратын жаңашыл жастар қажет. Мен Сіздерге сенемін! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін!", - деді Тоқаев.
Тоқаев таеквондодан тоғызыншы дан қара белбеуін алды