АЛМАТЫ, 11 шілде - Sputnik. Шығыс Қазақстанда 9 млрд теңгенің электр энергиясын заңсыз сатқандар анықталды, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Заң бойынша майнинг кәсіпорындарына электр энергиясы бірыңғай мемлекеттік сатып алу арқылы және 1 мегаватт-сағаттан аспайтын көлемде ғана сатылуға тиіс.
Алайда бірқатар энергиямен жабдықтаушы компаниялар екі жыл қатарынан халыққа, әлеуметтік нысандар мен стратегиялық маңызы бар кәсіпорындарға арналған электр энергиясымен майнинг кәсіпорындарын заңсыз қамтамасыз еткен.
"Жалпы қолды болған электр энергиясының көлемі 50 мегаватт-сағаттан асады. Бұл 50-70 мың халқы бар қаланың энергия тұтынуымен тең көрсеткіш", - дейді ведомство.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа ұйымдастырушы елордадан 2 пәтер және 4 автокөлік сатып алған. Олар сот санкциясымен бұғатталды. Тергеу жүріп жатыр.