Қазақстандық кәсіпкерлер Белградта қонақ үй кешенін салуға мүдделі

Sputnik
АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Қазақстан Белградта көпфункционалды қонақ үй кешенін салуға дайын. Бұл туралы Қазақстан-Сербия үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жеке инвестициялар есебінен салынатын жоба туристік инфрақұрылымды дамытуға серпін беріп, екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтады.
Сонымен қатар, вице-министр Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті мен Белградтағы Сингидунум университеті арасында серіктестік орнатуды ұсынды.
"Бұл студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамытуға, туризм саласындағы қазақстандық және сербиялық ғалымдардың бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға ықпал етпек", - дейді Еркінбаев.
Сербиялық туркомпаниялар 2026 жылғы сәуірде Алматыда өтетін "Туризм және саяхат" атты жыл сайынғы халықаралық көрмеге қатысуға да шақыру алды.
Отырыста Транскаспий халықаралық көлік бағытын Еуропаға, оның ішінде Сербияға қарай ұзарту мәселесі де талқыланды. Тараптар бұл бастаманы зерттеуді жалғастыруға уағдаласты. Биыл Астана мен Белград арасында тікелей әуе қатынасы ашылады.
"Тікелей рейсті SCAT әуе компаниясы жүзеге асырады. Бүгінде екі елдің әуе компаниялары әуе рейсін іске қосудың барлық қажетті рәсімін жүргізуде. Бағыттың тартымдылығын арттыру үшін әуе жолын Белградтан Марокко, Тунис, Барселона мен Ларнакаға дейін ұзарту туралы келісім жасалуда", - делінген ресми хабарламада.
Аграрлық сауданың өсуі екі елдің әлеуетін айғақтайды: 2025 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің тауар айналымы 1,5 есеге артып, 4 млн АҚШ долларына жеткен. Қазақстан астық және бұршақ дақылы, өсімдік майы, балық, ет пен сүт өнімі экспортын арттыруға мүдделі.