АСТАНА, 9 тамыз – Sputnik. Маңғыстау облысы Семей қаласына Достық үйін салып береді. Нысанның іргетасын қалау рәсіміне екі облыстың әкімі қатысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жаңа нысан "Semey Smart City" шағын ауданында бой көтереді.
Үш қабатты көпфункционалды мәдени кешен бірнеше функционалдық блоктан тұрады. Кітапхана, қолданбалы өнер мұражайы, фотозертхана, көркемөнер және қалпына келтіру шеберханалары, кинозал, конференция залдары қарастырылады.
"Бүгін "Абайға құрмет" акциясы аясында Маңғыстау облысының өңірімізге сыйлығы Достық үйінің іргетасын қалағалы отырмыз. Достық үйі символикалық мәні өте зор, екі аймақтың достығын білдіретін ғимарат болмақ. Бүгінгі игі шара еліміздің қос қиырының бірлігі мен ұлттық бірегейлігінің жарқын көрінісі деп білемін", - деді Абай облысының әкімі Берік Уәли.
Айта кетері, "Абайға құрмет" акциясы аясында Шымкент қаласы шығармашылық орталығын, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы келешек мектебін, Ақтөбе облысы жекпе жек орталығын, Павлодар облысы үстел теннисі орталығын салып береді. Ал Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр.