Астанада бірқатар көше уақытша жабылады

Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру марафоны өтеді
Sputnik
АСТАНА, 10 тамыз – Sputnik. 10 тамызда Астана қаласында өтетін Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру марафонына байланысты бірнеше көшеде көлік қозғалысы уақытша шектеледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Көлік қозғалысына шектеу мына тәртіппен енгізіледі:
Сағат 7:00-ден 8:05-ке дейін – Түркістан көшесінің бір жолағы (Abu Dhabi Plaza бағытына қарай) ішінара жабылады;
Сағат 7:10-нан 9:15-ке дейін – Ақмешіт көшесінің бір жолағы (мәре аймағына дейін) жабылады;
Сағат 7:00-ден 7:40-қа дейін – Ұлы Дала даңғылы уақытша жабылады.
Жүргізушілер бағыттарын алдын ала жоспарлап, ықтимал кешігу уақытын ескергені жөн.
"Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз және баршаңызды осы маңызды іс-шараға қатысуға шақырамыз", - деп жазылған хабарламада.
Іс-шараның ұйымдастырушысы – Heart Center Foundation қоғамдық қоры.