Коммуналдық тарифтер неше теңгеге көтеріледі

Коммуналдық тарифтер жыл сайын 20-30 процентке көтеріліп тұрады
Sputnik
АСТАНА, 7 тамыз – Sputnik. Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев келесі жылдан бастап коммуналдық тарифтер қанша теңгеге көтерілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Комитеттің мәліметіне сәйкес, коммуналдық тарифтер жыл сайын 20-30 процентке көтеріліп тұрады.
"Мәселен, қазір бір бөлмелі пәтер үшін айына 25 мың теңге шығады. Тарифтер өссе, үстіне тағы 3-4 мың теңге қосылып, шамамен 28-30 мың теңге болады", - деді Қосымбаев үкіметте өткен брифингте.
Ал екі бөлмелі пәтер иелері үшін коммуналдық тарифтер 5-7 мың теңгеге көтеріледі.
"Бірақ табысы төмен азаматтар, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар, зейнеткерлер үшін тұрғын үй көмегі қарастырылған. Соның есебінен коммуналдық шығындардың бір бөлігі өтеледі. Мәселен, отбасының табысы 200 мың болса, ал коммуналдық шығын 30 мың теңгені құраса, 200 мың теңгенің 10 процентін, яғни 20 мың теңгесін тұтынушы өзі төлейді, қалған 10 мың теңге жергілікті бюджеттен төленеді", - деп атап өтті комитет басшысы.
Айта кетері, бұған дейін Sputnik Қазақстан тұрғын үй көмегін беру тәртібі жайында жазған болатын.
Тұрмысы төмен отбасылардың коммуналдық шығындарының бір бөлігі өтеледі