АСТАНА, 7 тамыз – Sputnik. Алматы облысында полицейлер алаяқтық жолмен ұрланған көлікті иесіне қайтарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Алматының 38 жастағы тұрғыны "Toyota Surf" маркалы көлігін Ұзынағаштан Шымкент қаласына жеткізу үшін Della Fafa интернет-платформасы арқылы тасымалдау қызметіне тапсырыс берген. Жарнамаға жауап бергендердің біреуі өзін көлік тасымалдау компаниясының өкілі ретінде таныстырып, көлікті жеткізіп беруді ұсынған. Алайда көлікті тиеп алғаннан кейін ізін суытқан.
"Контрафакт" жедел алдын алу шарасы аясында киберқылмыспен күрес басқармасы мен Жамбыл ауданының полицейлері бірлесіп жүргізген жедел іздестіру жұмыстары нәтижесінде автокөлік табылып, заңды иесіне қайтарылды" - дейді полицейлер.
Осы орайда тәртіп сақшылары онлайн мәмілелер жасасқанда барынша мұқият болуға, сондай-ақ тек сенімді платформалар мен ресми тасымалдау қызметтерін пайдалануға кеңес беріп отыр.