АЛМАТЫ, 6 тамыз - Sputnik. Қазақстанда алғаш рет жол қауіпсіздігін инспекциялауға арналған бірегей жылжымалы зертхана іске қосылды, деп хабарлайды "ҚазжолҒЗИ" ғылыми зерттеу институты.
Бұл заманауи технология еліміздегі жол жағдайын кешенді түрде бағалап, жол апатының алдын алады.
Жаңа жылжымалы жол зертханасы арнайы цифрлық өлшеу құрылғылары, сенсорлар және техникалық параметрлерді талдау жүйесімен жабдықталған. Соның арқасында жылжымлы зертхана қауіпті учаскелерді жедел анықтап, оларды жою бойынша дәлелді ұсынымдар әзірлей алады.
"Бұл Қазақстандағы алғашқы осындай кешен. Ол жолдарды мүлде жаңа деңгейде: жылдам, нақты және цифрлық технологияларды қолдана отырып тексеруге мүмкіндік береді",- дейді "ҚазжолҒЗИ" АҚ-ның департамент директоры Андрей Чжен.
Мобильді зертхана арқылы жол жабындысының жағдайы, оның ішінде бойлық еңістер мен жабындының ілінісу коэффициентін анықтауға болады. Сондай-ақ жол белгілері мен таңбалар, жарықтандыру, жол инфрақұрылымының геометриясын талдау, GPS-координаттарға тіркелген цифрлық есептер, ақаулар автоматты түрде тіркеліп, картографиялық талдау жүргізеді.