АСТАНА, 6 тамыз – Sputnik. Жұмыс істейтін әрбір адам жыл сайын скринингтен өту үшін үш күндік әлеуметтік демалыс ала алады. Бұл туралы прокурорлар мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Жетісу облысы прокуратурасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл талап Еңбек кодексінде көрсетілген. Жұмысшыларға жыл сайынғы скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс берілуге тиіс.
"Алайда Қаратал ауданында соңғы 2 жылда 90-нан астам жұмысшы мұндай тексеруден өтпегені және жұмыс берушінің оларға әлеуметтік демалыс бермегені белгілі болды", - дейді прокурорлар.
Сондай-ақ жұмыс беруші қызметкерді еңбек міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. Бірақ 70 қызметкердің сақтандыру шарты болмаған.
Аудандық прокуратураның қадағалау актісімен азаматтардың құқықтары қалпына келтіріліп, 3 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.