АСТАНА, 5 шілде - Sputnik. Елімізде жақында ғана іске қосылған суперкомпьютердің ресурстары сауда ағындарын талдау үшін пайдаланылады, деп мәлімдеді үкімет отырысында "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Абылайхан Оспанов.
Оның айтуынша, ұлттық статистика бюросы мен қаржы министрлігінен деректер жинау жоспарланып отыр. Осыдан кейін ақпарат нақты уақыт режимінде тауарлардың қозғалысын талдай алатын суперкомпьютерге жүктеледі.
"Жаңа жүйе экспорт пен импортты болжауға, тауарлардың бағасын бақылау және олардың өсу тәуекелдерін бағалауға, сауда саласындағы мемлекеттік реттеуді жақсартуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар көлемді деректерді талдау негізінде мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлерге ұсыныстар бере алатын жасанды интеллект көмекшілері құрылады.