Алматы тұрғыны өзі 3 жыл бұрын сатқан көлікті ұрлап кетті

Ол қосалқы кілтті өзінде алып қалған
Sputnik
АСТАНА, 2 тамыз – Sputnik. Алматыда ер адам көлігін сатып, оны 3 жылдан кейін ұрлап кетті, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық криминалдық полиция қызметкерлері автокөлік ұрлығын ашты. Қылмыс мұқият жоспарланған, дегенмен полицейлер күдіктіні анықтап, қолға түсірді.
Көліктің бұрынғы иесі, 1982 жылы туған азамат үш жыл бұрын автокөлігін сатқан, алайда қосалқы кілтін өзінде алып қалған. Кейін ол жеке пайданы көздеп, көліктің қазіргі тұрған орнын анықтап, қосалқы кілт арқылы ұрлық жасаған.
"Қылмыс ізін жасыру үшін күдікті алдын ала дайындалған: бетперде, ауыстыратын киім сатып алып, ұрлықтан кейін сырт келбетін өзгертіп, бейнебақылау камераларына түсіп қалмауға тырысқан", - деп жазылған хабарламада.
Ұрланған көлікті қаланың шетіне жасырған, кейіннен оны полиция қызметкерлері тапты.
"Қылмыс қаншалықты мұқият жоспарланса да, жауапкершіліктен құтылу мүмкін емес. Заңды бұзған әрбір адам оның жазасыз қалмайтынын білуі керек. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ол өз кінәсін мойындап, жауап беріп жатыр. Автокөлік тәркіленді", – деді Алматы қалалық ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Талант Исаев.
Қарағанды облысында тергеу басқармасының экс-басшысы ұрлық жасады деген күдікке ілінді