340 млн теңгеден астам айыппұл: Жетісу облысындағы полигонда қоқыс шектен асып кеткен

Полигон сенімгерлік басқарудан алынып, мемлекетке қайтарылды
Sputnik
АСТАНА, 2 тамыз – Sputnik. Жетісу облысының табиғат қорғау прокуратурасы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының заңсыз әрекетінің жолын кесті, деп хабарлады бас прокуратура.
Қадағалаушы орган Көксу ауданында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жұмысында өрескел бұзушылықтарды анықтады.
Полигон өз қызметін мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысынсыз және қоршаған ортаға ластағыш заттарды шығару рұқсатынсыз жүзеге асырған.
"Полигонды жабуға, жерлерді рекультивациялауға, ластануға бақылау жүргізуге арналған тарату қоры құрылмаған, онсыз полигонды пайдалануға тыйым салынады. Оның үстіне полигонда қоқыс жинау шегінен екі есе асып кеткен", - деп жазылған хабарламада.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша құқық бұзушыға 340 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Полигон сенімгерлік басқарудан алынып, мемлекетке қайтарылды.