АСТАНА, 1 тамыз – Sputnik. Сауда және интеграция министрлігі АҚШ тарапынан қосымша тарифтерді енгізу мәселесіне қатысты түсініктеме таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қазіргі кезде Қазақстан АҚШ-пен қосымша тарифтер енгізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
"Осы процесс аясында биыл маусым айында сауда және интеграция министрлігінің өкілдері АҚШ тарапымен екіжақты кездесу өткізді. Қазақстан АҚШ-қа өзара тиімді сауда ынтымақтастығын дамыту, тауар жеткізу тізбектерін тұрақты сақтау және нарыққа әділ қол жеткізу шарттарын қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын ресми ұсыныс жолдады. Бұл ұсыныс АҚШ президенті Дональд Трамптың 2025 жылдың 2 сәуіріндегі жарлығы мен оған енгізілген кейінгі өзгерістерді ескере отырып әзірленген", - дейді министрлік мамандары.
Қазақстан сындарлы ынтымақтастыққа мүдделі екенін жеткізген. АҚШ тарапы да келіссөздерді жалғастыруға ашық.
"Бұл өз кезегінде өзара тиімді әрі екі елдің мүдделеріне сай келетін шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді", - делінген ресми хабарламада.
Айта кетері, бұған дейін енгізілген тариф шаралары АҚШ-қа Қазақстаннан жеткізілетін жалпы экспорт көлемінің небәрі 4,8%-ына ғана әсер етеді, ал қалған 95,2%-ы жаңа кедендік бажға ілікпейді. Қазіргі кезде Қазақстан АҚШ-қа мұнай, уран, күміс, ферроқорытпалар, тантал, титан, бериллий және өзге де өнім түрлерін экспорттайды. Бұл өнімдердің басым бөлігі жаңа тарифтік реттеуге жатпайды және шектеусіз экспортталып жатыр.
Ал жаңа тарифтердің ықпалы сары фосфор, ферросилиций, линзалар, бидай глютені және аммоний нитраты сынды тауарларға тиеді.
2025 жылдың бірінші жарты жылдығында АҚШ-қа сары фосфор экспорты - 2,2 мың тонна, ферросилиций - 1 482,6 тонна, бидай глютені - 6 500 тонна жеткізілді. Аммоний нитраты АҚШ-қа тасымалданған жоқ.