Жамбыл облысында бойжеткеннің асқазанынан тығыздалған шаш түйіні алынды

Науқастың іші ауырып, жүрек айнып, тәбеті қашқан соң ауруханаға жеткізілген
Sputnik
АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Жамбыл облысында 18 жастағы қыздың асқазанынан 30 сантиметрлік тығыз шаш түйіні шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше науқастың іші ауырып, жүрек айнып, тәбеті қашқан соң ауруханаға жеткізілген. Іш қуысын УДЗ зерттеуі барысында асқазанда бөгде зат бар екені белгілі болды. Трихобезоар диагнозы гастроскопия мен компьютерлік томография нәтижесінде нақтыланды.
"Науқасқа жалпы анестезиямен лапаротомия жасалып, асқазан қуысынан ұзындығы 30 сантиметрден асатын тығыз шаш түйіні алынды", - деп жазылған хабарламада.
Ота сәтті өтті, ешқандай асқыну тіркелмеді. Екінші күні науқас сұйық тағам іше бастаса, бесінші күні тиісті ұсыныстармен үйіне шығарылды.
Жамбыл облысында бойжеткеннің асқазанынан тығыз шаш түйіні алынды
Операцияны хирургия бөлімінің меңгерушісі Ержан Есімов жетекшілік еткен хирургтер бригадасы, анестезиолог, операциялық медбике және операциядан кейінгі бақылау тобы бірлесе жүргізді.
Трихобезоар – бұл трихотилломания деп аталатын психикалық бұзылысы бар адамдарда кездесетін, асқазанда жиналған шаштың тығыз массасы. Бұл дертке шалдыққандар шашты жұлып, оны жейтін әдетке ие болады.
Шаш асқазанда қорытылмай, жиналып, көлемі ұлғайып, уақыт өте келе асқазан не ішектің бітелуіне, анемияға, ағзаның жалпы әлсіреуіне, ауыр жағдайларда асқазан қабырғасының тесіліп кетуіне себеп болуы мүмкін.
Таразда 12 жастағы қыздың асқазанынан салмағы 1 келіден астам шаш шықты