АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Президент Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовты қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді.
Белгілі болғандай, аймақта майлы және жем-шөп дақылдарының егістік көлемі ұлғайған.
"Тұқым жаңарту деңгейі 11,2 пайызға жеткен, су үнемдеу технологиялары белсенді енгізіліп жатыр. "Кең Дала 2" бағдарламасы аясында шаруаларға 97 миллиард теңге бөлінген. Биыл мемлекеттік қолдау ауқымы былтырғымен салыстырғанда 24 пайызға артқан. Солтүстік Қазақстан облысы елімізде сүт өндірісі бойынша алғашқы үштікке кіреді, соның ішінде сүт өндіру кешендерінің саны жағынан көш бастап тұр", - деп есеп берді аймақ басшысы.
Кездесу барысында облыста жалпы сомасы 893 миллиард теңгені құрайтын 52 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқаны айтылды. Нәтижесінде 7,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Нұрмұхамбетов тұрғын үй саласына да тоқталып, биыл 332 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланғанын жеткізді. Ал "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында Петропавл қаласында 600 орындық жаңа заманауи мектеп салынды. Сонымен қатар 280 орындық балабақшаның құрылысы жүргізіліп жатыр.
Президент жиын-терін науқанына дайындықтың, агроөнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды уақтылы жүзеге асырудың маңызына назар аударды. Петропавлдағы ЖЭС-2 нысанын жөндеу және жылумен, энергиямен қамтамасыз ету желілерін реконструкциялау жұмыстарын жылдам аяқтау қажет екенін ескертті.