АСТАНА, 31 шілде – Sputnik. Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы 240 мыңға жуық тұрғынға профилактикалық вакцина егілді, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігі.
Бүгінгі таңда бірінші кезең шеңберінде 11-13 жас аралығындағы 149,3 мыңнан астам қыз вакцинациядан өтті, 90 мыңға жуық жасөспірім вакцинаның екінші дозасын алды.
"Өткен жылдың қыркүйегінен бастап барлығы АПВ-ға қарсы 238,2 мың профилактикалық егу жүргізілді", - деп жазылған хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше бірде-бір жағымсыз реакция тіркелген жоқ. Вакцина қауіпсіз, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған.
АПВ-ға қарсы вакцинациялау бағдарламасының негізгі мақсаты – әйелдерді АПВ тудыратын жатыр мойны обырынан, сондай-ақ басқа да онкологиялық аурулардан қорғау.
147 ел бұл вакцинаны өздерінің ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізді және әлемнің 76 елі АПВ-ға қарсы екі жынысты да вакцинациялайды.
Денсаулық сақтау министрлігі 11 жастағы ұлдарды қоса алғанда, АПВ вакцинациясымен қамтуды кеңейтуді жоспарлап отыр.