Қазақстанға 1,5 мың тонна шина заңсыз әкелінген

Рұқсатсыз тасымалданатын шиналар қауіпті қалдықтар ретінде жіктеледі
Sputnik
АЛМАТЫ, 30 шілде – Sputnik. Қазақстанға биыл 1,5 мың тонна көлік шинасы заңсыз әкелінген, деп хабарлайды Бас көлік прокуратурасы.
Қазақстанның кеден заңнамасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) нормалары денсаулық пен экологияға қауіпті тауарлардың әкелінуін қатаң реттейді.
Олардың қатарына – арнайы рұқсат болған жағдайда ғана әкелуге рұқсат етілетін, қолданылған автокөлік шиналары – ТН СЭҚ, коды 4012 кіреді.
Бас көлік прокуратурасының тексерісі кейбір сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың заң мен ЕАЭО тыйымдарын айналып өтіп, қолданылған шиналарды дөңгелек дискілерімен бірге әкелетінін анықтады.
"Биылғы жылдың сәуір-маусым айларында бір өңірде салмағы 1,5 мың тоннаға жуық қолданылған шинаны заңсыз әкелудің 159 дерегі тіркелді. Тағы бір өңірде өткен жылдары 200 тоннадан астам осындай өнім әкелінген", - дейді ведомство.
Мұндай шиналар қауіпті қалдықтар ретінде жіктеледі, оларды пайдалану жол қозғалысы қауіпсіздігіне және қоршаған ортаға қауіп төндіреді, дейді прокурорлар.
Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер комитеті бақылауды күшейтті.
Тоқаев: Саран қаласында жылына 3,5 млн шина шығаратын зауыт ашылды