АСТАНА, 30 шілде - Sputnik. Қазақстанда төтенше жағдайлар құрылымдары үшін цифрлық радиобайланысты арнайы желіге біріктіру жоспарланып отыр, деп хабарлады министрліктегілер.
Азаматтық қорғау ведомствосы үшін Қазақстанның 14 өңірінде 1141 киілетін радиостанция, PTT үлкен түймесі бар 350 гарнитура, 67 мобильді және 24 стационарлық радиостанция, 35 спутниктік телефон, 22 пилотсыз ұшу аппараты, 11 киілетін және 27 стационарлық ретранслятор сатып алынады.
"Биылғы жылдың басынан бастап Қазақстанда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі шеңберінде ведомствоаралық ультра қысқа толқынды радиобайланысты дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда ТМД-да бұл жүйенің аналогтары жоқ", - делінген хабарламада.
Төтенше жағдайлар, ішкі істер министрлігінің және Ұлттық ұланның әртүрлі транкингтік радиобайланыс желілері қызметтер арасындағы ортақ байланыс платформасына біріктіріле бастады.
Желіні дамыту шеңберінде Шымкент, Абай, Петропавл, Қызылорда және Ақтау қалаларында тағы 8 транкингтік базалық станция енгізу жоспарланып отыр.
Министрліктегілердің хабарлауынша, радиобайланыс цифрландырылса, бүкіл ел бойынша радиостанциялар арасында бірыңғай, ауқымды байланыс платформасы құрылады. Бұл - байланыстың сапасы мен сенімділігін арттырып қана қоймай, төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге зор мүмкіндік береді, деп хабарлады ТЖМ.