АСТАНА, 29 шілде – Sputnik. Қазақстанда жұмыс істейтін адамдардың үштен бір бөлігі үшін зейнетақы аударымы жасалмайды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгінде жалақыны қолма-қол ақшамен алатын адамдар аз емес. Олар үшін тиісті зейнетақы жарналары аударылмайды.
"2024 жылдың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтылған халықтың 30%-ға жуығы зейнетақы жүйесіне қатыспаған. Жекелеген секторларда еңбек нормативтерінің болмауы да көлеңкелі жұмыспен қамтудың сақталуына ықпал етуде",-деді Биахметов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Үкіметтің есебіне сәйкес, биыл алты айдың ішінде жұмыссыздық деңгейі 4,6 процент болды. Жалдамалы жұмыскерлердің саны 7,1 миллион адамға жетті, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 2,1 млн адамды құрайды.