Банк картасын басқа біреуге бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді
Sputnik
АЛМАТЫ, 28 шілде – Sputnik. Ішкі істер министрлігі дербес деректерді қорғау және қаржы қызметі саласындағы қауіпсіздікті арттыру үшін қылмыстық заңнамаға өзгеріс енгізді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыстық кодекстің жаңа 232-1 бабына өзгерістер енгізілді.
"Өзінің банктік деректемелерін үшінші тұлғаларға бергендерге, сондай-ақ материалдық сыйақы немесе мүліктік сипаттағы пайда үшін немесе оларды алу мақсатында үшінші тұлғаның мүддесіне, я болмаса пайданы көздеп, төлемдер немесе ақша аударымдарын жүзеге асырғаны үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді", - деп мәлімдеді ведомство.
Алаяқтар берілген деректерді қылмыстық кірісті қолма-қол ақшаға айналдыру немесе басқа азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Көп жағдайда зардап шеккендер өздерінің қылмысқа қатысушы екенін түсінбейді. Есіңізде болсын: жеке және банктік деректер жай ғана ақпарат емес, бұл сіздің мүлкіңіздің, қауіпсіздігіңіздің және заң алдындағы жауапкершілігіңіздің кілті.
Ішкі істер министрлігі кеңес береді:
ешқашан банктік деректеріңізді үшінші тұлғаларға бермеңіз;
картаңызды немесе шотыңызды беру арқылы "оңай ақша табуға" келіспеңіз;
күдік туындаған жағдайда банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.