АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы жол апатына түскен UFC шебері Шавкат Рахмоновтың әйелі мен баласының жағдайына қатысты ақпарат таратты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
27 шілде күні Гүлайым Рахмонова жүргізген джип жол апатына түсті. Көлікте болған төрт адамның екеуі қаза болды. Екеуі – Рахмоновтың әйелі мен баласы ауруханаға түсті.
Зардап шеккендер тиісті қолхат жазып, Шу қалалық ауруханасынан шығып, Алматыға аттанған. Олардың медициналық мекемеге шағымы жоқ.
"Рахмоновтар Шу қалалық ауруханасының травматология бөліміне жеткізілді. Алдын ала диагноз: жабық бас сүйек-ми жарақаты мен мидың соғылуы. Жағдайлары орташа ауыр, килинкалық хаттама бойынша ем алды", - дейді дәрігерлер.
Айта кетері, Шавкат Рахмоновтың ұлы 3 жаста. Олар Қарағанды облысынан Алматы қаласына бара жатқан.