Алматы облысында тікұшақ жоғалды: іздеу жұмыстарына бес әскери бөлім күші тартылды

Суға 13 бірлік жүзу құралы жұмылдырылып, түбін тексеруге арнайы техникалық құралдар пайдаланылып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 28 шілде – Sputnik. Сорбұлақ су қоймасы аймағында іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр, деп хабарлады қорғаныс министрлігі.
Бүгін таңғы 04:30-дан бастап су беті мен жағалау маңын тексеру жүргізілді, сонымен бірге ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды пайдалану арқылы аймақта ұшу жүргізілді, дейді ведомстводағылар.
"Суға 13 бірлік жүзу құралы жұмылдырылып, түбін тексеруге арнайы техникалық құралдар пайдаланылып жатыр. Күні бойы операция жүргізілетін ауданға басқа өңірлерден қосымша күш-құралдар жеткізілді. Операцияларға қосымша бес әскери бөлімнің күш-құралдары тартылды", - деп жазылған хабарламада.
Жұмыстар тәулік бойы жалғасып жатыр. Іздеу шаралары барысында тікұшақтың қалдықтары табылды. Оларды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлады министрліктегілер.
Ведомство мәліметінше, операция күрделі гидрография жағдайында өтіп жатыр. Соған қарамастан, барлық жұмылған бөлімшелер жүктелген міндеттерді барынша дәл және үйлесімді орындап жатыр.
Еске салайық, 25 шілдеде Алматы облысында үш экипаж мүшесі бар әскери тікұшақ із-түссіз жоғалып кетті.
Алматы облысында әскери тікұшақ жоғалып кетті