АСТАНА, 27 шілде – Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары аударылған қайықтан адамдарды эвакуациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Шығыс Қазақстан облысының құтқарушыларына Алтайка ауылы маңындағы Бұқтырма су қоймасында 4 адам мінген қайық төңкеріліп, адамдар борт сыртында тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті", - деп жазылған хабарламада.
Туристердің қиын жағдайға тап болғанын сол маңда жүрген балықшы байқап қалып, бәрін өз қайығына мінгізген.
Оқиға орнына ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері келіп, азаматтарды катерге ауыстырып, қауіпсіз түрде жағаға жеткізді. Медициналық көмекке ешкім мұқтаж болған жоқ.
ТЖМ дауылды немесе желді ауа райында суға шығу кезінде өте сақ болуға шақырды.