Отбасы банкінде проблемалық қарыздар қалай реттеледі

Биылдан бастап әкімдіктердің баспана кезегі толығымен Отбасы банкіне ауыстырылды
Sputnik
АСТАНА, 26 шілде – Sputnik. Биыл мамыр айынан бастап Отбасы банкі ұлттық даму институты ретінде жұмыс істеуге кірісті. Ал оған қарасты тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы баспана кезегін жүргізетін болады. Осылайша банк әлеуметтік жағынан осал топтарға кіретін азаматтарға баспана мәселесін де шешуге көмектеседі. Sputnik Қазақстан ұлттық даму институтында проблемалық қарыздарды реттеу тәртібін білді.

Қарызды реттеудің үш жолы бар

Отбасы банкіне ұлттық даму институты болып қайта құрылса да, бұрынғы лицензиясы қалды. Бұл дегеніміз институт банк қызметі туралы заңның аясында жұмыс істейді, проблемалық қарыздарды да заңға сәйкес реттеуге міндетті.
Бүгінде ұлттық даму институтында мерзімі өтіп кеткен қарыздарды реттеудің үш жолы бар. Олар:
қаржылық жағдайды жақсартуға қажетті мерзімге ай сайынғы төлемдерді шегеру;
қарызды қайтару мерзімін ұзарту;
төлемдердің жаңа кестесін әзірлеу.
Ал қарызды реттеу үшін алдымен банкке өтініш жазу керек. Бірақ маңызды бір мәселені ескерген жөн. Мәселен, қарызды қайтару мерзімі ұзартылса, жалпы берешектің сомасы өсуі мүмкін.

Өтінішпен бірге қандай құжаттар керек?

Отбасы банкіне өтініш жазғанда қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттарды да ұсыну керек.
"Әдетте, табыстың болмай тұрғанын немесе азайғынан растайтын құжаттар ұсынылады. Содан кейін күтпеген шығындар болады. Мәселен, жазатайым оқиға я болмаса қарыз алушы ауырып қалуы мүмкін. Ал табыстың азаюы бірнеше жағдайда болады. Олар: жұмыстан шығып кету, бала күтіміне байланысты үйде отыру және әскери қызметке шақырту алу. Барлық жағдайда құжат ұсынылады", - дейді банк мамандары.
Банк өтінішті 15 күннің ішінде қарайды. Ал әскери қызметке шақырылған азаматтарға заң бойынша кредиттік каникул беріледі. Оларға бір жыл бойы және әскерден келгеннен кейін екі ай ипотеканы төлемеуге рұқсат берілген. Ал қалған адамдар банкке өтініш жазып, қарызды төлеу шартын ғана өзгерте алады.

Банк сотқа бере алады

Отбасы банкі ипотеканы ұзақ уақыт төлемей жүрген адамды сотқа бере алады. Сол кезде кепілге қойылған үйді аукцион арқылы сатуға шешім шығарылуы мүмкін я болмаса баспана банктің меншігіне өтеді.
"Бірақ қарыз алушы мүлік сатылғанға дейін берешегін төлеп, сот шешімі бойынша атқарылатын шараларды тоқтата алады. Сондай-ақ, банкке өтініш жазып, қарызды қайта құрылымдау мәселесін қарастыруға мүмкіндік бар. Ондайда ай сайынғы төлемдерді жеңілдету үшін кредиттік келісімнің шарттары өзгертіледі", - делінген Отбасы банкінің ресми жауабында.
Айта кетері, қарызды қайта құрылымдау кезінде төлем жасау шарттарын өзгертуге болады. Оны тек адамның қаржылай жағдайы қиындаған кезде жасайды.

Баспана мәселесі қалай шешіледі?

Биылдан бастап әкімдіктердің баспана кезегі толығымен Отбасы банкіне ауыстырылғаннан кейін кезекке тұратын арнайы сайт та іске қосылды. Сол арқылы бірнеше күннің ішінде тағы 70 мың адам кезекке тұрған болатын. Осылайша мамырдың соңында баспана кезегі тағы өсті.
Ал кезекке тұрғандардың баспана мәселесін шешу кезінде екі негізгі артықшылыққа баса назар аударылады. Олар: төлем қабілеттілігі мен кезекке тұрған мерзімі. Мәселен, төлем қабілеттілігі төмен азаматтарға жалдамалы баспана ұсынылады. Оны артынан жеке меншікке сатып алуға мүмкіндік бар. Ал төлем қабілеттілігі бар адамдарға жеңілдетілген ипотека ұсынылады. Қазір "2-10-20", "5-10-20" мен "7-20-25" бағдарламалары бар. Сондай-ақ "Наурыз" ипотекалық бағдарламасы шықты.
Бірақ алдымен әлеуметтік осал топтарға кіретін азаматтардың баспана мәселесі шешіледі.

Кезекке кімдер тұра алады?

Бүгінде баспанаға мұқтаж кез келген адам сайт арқылы кезекке тұра алады. Бірақ нақты талаптар бар. Олар:
соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан аумағында тұрғын үйдің болмауы;
жалғыз баспананың апатты деп танылуы;
Астана, Алматы және Шымкент қалалары үшін қосымша соңғы 3 жыл ішінде тіркеудің болуы.
Айта кетері, баспана кезегін Отбасы банкіне бермей тұрғанда республика бойынша кезекке тіркелген адамдардың саны 650 мыңнан асқан.