АСТАНА, 26 шілде– Sputnik. Төтенше жағдайлар министрлігі Алматы облысында жоғалған тікұшақтың бөлшектері табылғанын хабарлады.
"Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығында жүргізілген ғарыштық мониторинг барысында Алматы облысындағы Сорбұлақ көлінің акваториясында майлы дақтың болуы мүмкін екені анықталды. ТЖМ құтқарушылар тобы шұғыл түрде аталған аймаққа барды", - делінген ТЖМ хабарламасында.
Іздеу жұмыстары түнгі уақытта да жалғасқан. Жұмыс барысында қорғаныс министрлігіне тиесілі болуы мүмкін әуе кемесінің бөлшектері табылған.
Оқиға орнында ТЖМ құтқарушылары жұмыс істеуде. Эхолоттар, ұшқышсыз ұшу аппараттары және суасты дрондары секілді анайы жабдықтар пайдаланылуда.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына жеке құрамнан 200-ге жуық адам, 40 к техника, 15 су көлігі, 4 кинологиялық есептоп және 2 ТЖМ әуе кемесі тартылған.
Айта кетері, 25 шілде күні ЕС-145 әскери тікұшағы Луговой елді мекенінен ұшып шығып, Отар аумағында байланысқа шықпай қалған.
Әуе қорғаныс күштері оны іздеуге Қорғаныс министрлігінің қосымша ұшақтары жіберілгенін айтты.