АЛМАТЫ, 25 шілде - Sputnik. Жамбыл және Алматы облыстарында республикалық маңызы бар автожолдарда болған жол апатынан 10 адам қаза болып, 4 адам жарақаттанды, деп хабарлайды "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы.
24 шілдеде сағат 09:40-та "Астана – Қарағанды – Алматы" автожолының 451 шақырымында, Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Қашқантеңіз станциясына жақын жерде Toyota Alphard көлігі мен жүк тиегіш экскаватор соқтығысқан.
"Toyota Alphard көлігінің жүргізушісі жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтамай, арнайы техникамен соқтығысқан. Оқиға салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам жарақат алды", - дейді компания.
Ал 25 шілдеде сағат 10:15-те Алматы облысы Жамбыл ауданы Самсы ауылының маңында республикалық маңыздағы автожолдар Toyota Alphard көлігі мен трактор соқтығысты. Оқиға болған сәтте жолдың аталған учаскесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Жұмыстар тиісті рұқсатнама негізінде жүзеге асырылып, барлық қажетті уақытша жол белгілері орнатылған. Жөндеу нысанында 9 қызметкер және 5 техника бірлігі жұмыс істеген.
"Toyota Alphard жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келе жатып, жүк көлігін оң жақ жолақ арқылы басып озуға тырысқан. Салдарынан ол қоршалған жөндеу аймағына шығып кетіп, арнайы техникамен соқтығысқан", - дейді Қазавтожол.
Апат салдарынан 6 адам, оның ішінде бір жол қызметкері қайтыс болып, 2 адам жарақаттанды.