Бес банктен 6 млн алған көпбалалы ана кредитін төлей алмай қалды – сот үкім шығарды

6 миллион теңге қарызы бар көп балалы ана банктерді сотта жеңіп шықты
Sputnik
АСТАНА, 24 шілде – Sputnik. Тараз қаласында бес банктен 6 млн алған көпбалалы ана кредитін төлей алмай, соттан қарызды қайтару мерзімін ұзартуды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Күйеуімен ажырасқан төрт баланың анасы тұтынушылық кредитті ала берген. Осылайша бес банктегі қарызы 6 млн теңгеден асып кеткен. Қазіргі кезде өзі жекеменшік компанияда оператор болып жұмыс істейді, жалақысы – 220 мың теңге. Ал барлық кредит бойынша ай сайын 395 мың теңге төлеу қажет. Оған қоса, кәмелет жасқа толмаған төрт баланың күнделікті шығыны бар.
Сотқа жүгінген әйел кредиттік жүктеменің шамадан тыс болғанына арызданып, ай сайынғы төлемді азайту арқылы қарызды өтеу мерзімін 60 айға дейін ұзартуды сұраған. Ал бес банктің төртеуі бұл талапты қанағаттандыруға қарсы болды.
"Алайда Тараз қалалық соты талап қоюшының уәжі іс материалдарымен толықтай расталғанын алға тартып, оның әрекетінде арам пиғылдың белгілері жоқ деген қорытындыға келді. Сондықтан талап қоюды қанағаттандырып, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібін қолданды, оған сәйкес қарыз 5 жыл бойы ай сайын өтеледі", - деп хабарлады Жамбыл облыстық соты.
Осыдан кейін екі банк қарсы шағым түсірді. Бірақ облыстық сот шешімді өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.
Өңірлер
Атырауда көпбалалы ананы кредит үшін өлтірген қылмыскерге сот үкімі шықты