АСТАНА, 23 шілде – Sputnik. Түркия Ұлттық барлау басқармасының басшысы Ибрагим Калын Ресей мен Украина келіссөзі өтетін Ыстанбұлдағы Чираган сарайына барды, деп хабарлайды РИА Новости.
Ресей мен Украина делегациялары арасындағы келіссөздің үшінші раунды бүгін Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады деп жоспарланып отыр. Ресей мен Украина делегациялары Ыстанбұлға жетті.
Калын мінген кортеж Астана уақытымен сағат 19:17-де сарай аумағына кірді.
Ыстанбұлда өтетін Ресей мен Украина келіссөзіне Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан мен Түрік Қарулы күштері бас штабының басшысы Метин Гюрак қатысады.
Ресей делегациясын президенттің көмекшісі Владимир Мединский басқарады. Оның құрамына сыртқы істер министрінің орынбасары Михаил Галузин, Ресей Қарулы күштері Бас штабы Бас барлау басқармасының бастығы Игорь Костюков және қорғаныс министрінің орынбасары Александр Фомин кірді.
Ресей мен Украина тікелей келіссөздің екі кезеңін өткізді, кездесулер мамыр және маусым айларында Ыстанбұлда өтті. Олардың нәтижесінде өзара тұтқын алмасылды, қаза болған әскерилердің денесі тапсырылды. Сонымен қатар тараптар қақтығысты реттеу бойынша меморандум жобаларымен алмасты.