АЛМАТЫ, 23 шілде - Sputnik. Тамызда өтетін ұлттық біріңғай тестілеуге 25 шілдеден бастап өтініш қабылданады, деп хабарлайды ғылым және жоғарғы білім министрлігі.
Өтінімдерді қабылдау 5 тамызға дейін жалғасады.
ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі. Тестілеудің өзі 10-14 тамыз аралығында өтеді.
"Тамыздағы ҰБТ шекті балл жинай алмаған талапкерлерге тағы бір мүмкіндік. Оларға тестілеуден қайта өтіп, жоғарғы оқу орнына ақылы негізде түсу үшін өткізіледі", - дейді министрлік.
Өтініш беру кезінде тест тапсырушылар ҰБТ өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. ҰБТ-ға қатысқан талапкерлер бейіндік пәндер комбинациясын тамыз тестілеуінде өзгерте алады.
Тамыз айындағы ҰБТ-ға:
биылғы және өткен жылғы мектеп және колледж түлектері;
қандастар (Қазақстан азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар);
шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері;
шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер;
жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер қатыса алады.
"Жоғарғы оқу орнына ақылы негізде өз мамандығы бойынша оқуды жалғастыруды жоспарлап отырған колледж түлектері оқуға әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Қабылдауды оқу орындарының қабылдау комиссиялары жүзеге асырады", - дейді ведомство.