АЛМАТЫ, 23 шілде - Sputnik. Қарағандыдағы сумен жабдықтайтын "Қарағанды Су" мекемесінің екі жұмысшысы қайтыс болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Екі дәнекерлеуші қызметтік міндеттерін орындау кезінде көз жұмды.
"Жұмысшының бірінің 26 жылдық, ал екіншісінің 6 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі мамандар болған. Қазіргі уақытта комиссия мен еңбек инспекциясы тексеріп жатыр", - дейді "Қарағанды су" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Қайғылы жағдайға қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Алдын ала мәлімет бойынша жұмысшылар уланып қалған.
"29 және 46 жастағы екі ер адамның қайтыс болу фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала мәліметтер бойынша, құдықтағы датчиктерді жөндеу кезінде кәріз газымен уланған", - дейді облыстық полиция департаменті.