Қызылордалық жедел жәрдем дәрігерлері мотоциклмен жүр: басшылық не дейді

Бұл бейнежазбаны жастар өздері үшін түсірген, дейді облыстық жедел жәрдем қызметі станциясының бас дәрігері
Sputnik
АЛМАТЫ, 22 шілде – Sputnik. Әлеуметтік желіде Қызылорда облысының Қармақшы ауданында жедел жәрдем қызметкерлері науқасқа мотоциклмен барып жүр деген ақпарат тарады. Sputnik Қазақстан тілшісі мәселенің мән-жайын анықтады.
Видеодан жедел жәрдем дәрігерінің киімін киіп, қобдишасын ұстаған жастардың мотоциклмен кетіп бара жатқанын көруге болады. Дәрігерлердің не істеп жүргенін Қызылорда облыстық жедел жәрдем қызметі станциясының бас дәрігері Бауыржан Төлен айтып берді.
"Бұл бейнежазбаны жастар өздері үшін түсірген. Шақыртуға бара жатыр дегені шындыққа жанаспайды. Жұмыстан тыс кезде түсірілген. Тіпті науқасқа шұғыл көмек керек болып, дәл солай мотоциклмен барса да оның еш ағаттығы жоқ. Ол - дәрігер, қандай жағдайда болсын адам өміріне араша болу керек", - дейді ол.
Оның айтуынша өңірде жедел жәрдем көлігі жеткілікті. Су жаңа жол талғамайтын жедел жәрдем көліктері сатып алынған. Ауылдарда да жедел жәрдем көліктері жұмыс істеп тұр, былтыр ғана 225 жедел жәрдем көлігі берілген.
"Жедел жәрдем қызметінде еңбек ететіндердің 90%-і орта буынды мамандар. Бізге көбіне резидентураны үш жыл оқып бітіргеннен кейін келеді. Қармақшы ауданына жақында Орынборда жоғарғы оқу орнын бітірген бір жас маман келді. Жылпы осы жедел жәрдем қызметіне келетін дипломы бар жас мамандарды күтіп жүрміз", - дейді Бауыржан Төлеген.
"Ештеңе өзгермейді": министрлік жедел жәрдем жұмысы туралы мәлімдеме жасады