Қазақстанның ең дәмді қымызы қай өңірде бапталатыны белгілі болды

Гастрофестиваль қорытындысы бойынша ең үздік қымыз өндіруші - Абай облысының Саржал ауылы
Sputnik
АСТАНА, 21 шілде – Sputnik. Астанада өткен "BaiQymyz – бапталған қымыз" атты ауқымды гастрономиялық фестивальдің жеңімпаздары анықталды.
Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған фестивальге еліміздің барлық өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысты. Олар елорда тұрғындары мен қонақтарына 30 тоннадан астам ұлттық сусынды ұсынды.
Қазақстанның ең дәмді қымызы қай өңірде бапталатыны белгілі болды
"Біз еліміздің түкпір-түкпірінен 50-ден астам қымыз өндірушілерін жинадық. Әрқайсысы бірнеше жүз литр сусын әкелді. Олардың қатысуы мен елорда тұрғындарының қолдауының арқасында біз жаңа рекорд орнаттық. Егер фестиваль қонақтарымызға ұнайтын болса, біз оны жыл сайын жасаймыз", — деп атап өтті BaiQymyz фестивалінің ұйымдастырушысы Жұмажан Қалтаев.
Гастрофестиваль қорытындысы бойынша ең үздік қымыз баптаушы Абай облысының Саржал ауылы деп танылды.
Қазақстанның ең дәмді қымызы қай өңірде бапталатыны белгілі болды

"Бұл – өңіріміз үшін үлкен мәртебе әрі әділетті жеңіс! Себебі, Саржалдың сары қымызы – көптен бері ел аузында жүрген, талай жұрттың таңдайын қақтырған табиғи өнім. Бұл тек бір байқаудың жүлдесі емес, өңіріміздің әлеуетін, дәстүрге деген құрметін, табиғи өнімге адалдығын көрсеткен айшықты оқиға. Алдағы уақытта осы жетістік ішкі туризмді дамытуға, өңірлік бренд ретінде ұлттық тағамдарымызды ілгерілетуге жаңа серпін береді деп сенемін", – деп жазды Берік Уәли әлеуметтік желілердегі парақшасына.

Қазақстанның ең дәмді қымызы қай өңірде бапталатыны белгілі болды
Қымыздан дәм татудан бөлек, келушілер ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, фольклорлық қойылымдарды тамашалап, қолөнер жәрмеңкесіне, концерттерге қатысып, жылқы көрмесін тамашалады.
1 / 3

Астанадағы BaiQymyz гастрофестиваліндегі жылқылар көрмесі

2 / 3

Астанадағы BaiQymyz гастрофестиваліндегі жылқылар көрмесі

3 / 3

Астанадағы BaiQymyz гастрофестиваліндегі жылқылар көрмесі

Гастрофестивальдің жеңімпаздары кубок пен ақшалай сыйлықтарға ие болды.
Жалпы жүлде қоры 40 миллион теңгені құрады:
I орын - 20 миллион теңге - Абай облысы;
II орын - 15 миллион теңге - Қарағанды облысы;
III орын - 10 миллион теңге - Ақмола облысы.
Іс-шараға өңірлерден, жақын және алыс шетелдерден 100 мыңнан астам адам қатысты.
Астанадағы қымыз фестивалінде рекорд тіркелді