АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Астанада тегін үйірмелер мен секцияларға арналған жаңа ваучерлік жүйе енгізілді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Балаларға арналған ваучерлік қаржыландыру жүйесін әділ әрі ашық жүргізу үшін QOSYMSHA.KZ атты жаңа цифрлық платформасын сынақтан өткізуге кірісті. Осылайша, мемлекет есебінен үйірмелерге, спорт секцияларына және шығармашылық студияларға тегін қатысуға мүмкіндік беретін бұрынғы жүйе толығымен жаңартылады. Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевтің айтуынша, қазіргі жүйеде бірқатар кемшіліктер анықталды.
Атап айтқанда, білім, спорт және мәдениет басқармалары үш түрлі кезекті жүргізді. Ваучерлер бірінші тіркелгендерге берілді. Оған қоса, кей балалар екі ваучер алып, басқалары мүлде тыс қалды. Ал әлеуметтік осал топтағы балалардың өтінімдеріне басымдық берілмейді.
"Енді өтінім беру, ваучер бөлу және қатысуды бақылау бір терезе қағидатымен жүзеге асады: Бәрі ашық және әділ түрде болады. Ең басты жаңалық – әлеуметтік жіктеу енгізілді. Өтінімдер енді берілген уақытына емес, баланың әлеуметтік мәртебесіне қарай сұрыпталады. 12 санат бекітілген, әрқайсына бөлек коэффициент белгіленген", - дейді Сенғазыев.
Коэффициенттер:
ерекше білімді қажет ететін балалар – коэффициент 5;
арнаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы, мүгедектігі бар ата-анасы бар, жетім балалар – коэффициент 3-4;
көпбалалы отбасындағы балалар – коэффициент 2;
4-18 жас аралығындағы басқа балалар – коэффициент 1.
"Осылайша, көпбалалы немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасындағы бала өтінімді кейінірек берген күннің өзінде, ол жалпы тізімде өзгелермен салыстырғанда жоғары орынға көтеріледі. Бұл "кім бірінші батырманы басса – соған беріледі" деген жарысты болдырмай, шынайы тең қолжетімділікті қамтамасыз етеді", - деп атап көрсетті басқарма басшысы.
Енді ваучер нақты бір үйірмеге емес, тікелей балаға беріледі. Ал ата-аналардың өздері баланың жасына, қызығушылығына және кестесіне сай үйірмені еркін таңдай алады. Цифрлық жүйені пайдалану тәртібі:
тегін қосымша білім беру құқығын пайдалану үшін QOSYMSHA.KZ сайтына тіркеліп, ата-ана мен баланың ЖСН-ін көрсету, деректердің дұрыстығын растау қажет;
мемлекеттік қаржыландыруды жалғастыру үшін ай сайын Жеке кабинетке кіріп, баланың үйірмеге қатысуын растау маңызды;
егер бала қазірдің өзінде қандай да бір үйірмеге барып жүрсе, сол ұйымға барып, оның деректерін жүйеге енгізуді сұрау қажет.
Айта кетері, өтінімді тек Астана қаласында тіркелген (тұрақты немесе уақытша) отбасылар ғана бере алады.