АСТАНА, 19 шілде – Sputnik. Ақкөл аудандық сотында кәмелетке толмаған ұлының денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды.
2024 жылдың қыркүйегінде ол мас күйінде 14 жастағы ұлымен жанжалдасып, оны күрекпен ұрып саусақтарын жарақаттаған.
Азамат сотта кінәсін мойындап, жанжал кезінде ұлы балағат сөздер айтқанын, оны қорқыту үшін күрек сермегенін айтқан.
"Сараптамаға сәйкес, кәмелетке толмағанның саусағы жараланған, саусақтың фалангасының жабық сынуы бар. Жаза тағайындауда сот кінәлінің жасаған ісіне өкінуін, алғаш рет ауырлығы орташа қылмыс жасағанын жеңілдететін мән-жайды ескеріп, пробациялық бақылау белгіледі", - дейді облыстық сот.
Кінәлі адамға шартты түрде 1 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды.