АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Қостанайда аурухананың қабылдау бөлмесінде пациенттің шабуылынан зардап шеккен дәрігер саниавиация бортымен Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі жазды.
️Урология бөлімшесінің хирургі Антон Кистанов күрделі операция аяқталғаннан кейін науқастарды қабылдауды жалғастыру үшін аурухананың қабылдау бөлмесіне түскен. Оған пациенттің бірі шабуыл жасап, соққыға жықты. Нәтижесінде дәрігер есінен танып қалды. Дәрігер миға қан құйылу, бас сүйегінің жабық сынуы диагноздарымен емдеуге жатқызылған.
"Медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық жағдайларының жиілеуіне байланысты денсаулық сақтау министрлігі ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ургенттік стационарлардың, балалар және перинаталдық орталықтардың қабылдау бөлмелерінде тәулік бойы полиция посттарымен қамтамасыз ету туралы шешім қабылдады", - деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Е️ске сала кетейік, дәрігерлердің жұмыс орынында қауіпсіздігін күшейту мақсатында медициналық мекемелерді бейнебақылаумен, күзетпен, дабыл түймелерімен, жедел жәрдем бригадаларын – бейнежетондармен жарақтандыру жоспарланған болатын.