АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов "Металлург күні" кәсіби мерекесіне орай тау-кен металлургия саласының еңбеккерлеріне президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградаларды табыс етті, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Бектенов металлургтерге президент атынан мемлекеттік наградалар табыс етті
© Photo : Пресс-служба правительства Казахстана
Бектенов металлургия саласын дамыту үкіметтің басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
Президент жариялаған "Жұмысшы мамандықтар жылы" аясында тау-кен металлургия кешенінің еңбеккерлеріне, оның ішінде металлургтерге ерекше көңіл бөлінеді. Биыл мемлекет басшысы алғаш рет екі жаңа мемлекеттік награда – "Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі" және "Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері" құрметті атақтарын тағайындады.
Осы жылы барлығы тау-кен металлургия өнеркәсібінің 600-ге жуық жұмысшысының еңбегі аталып өтті. Олар – бүкіл ел бойынша өндіріс озаттары мен еңбек ардагерлері.
2024 жылдың қорытындысы бойынша металлургтердің ел экономикасына қосқан үлесі 6,9%-ды құрады. Бүгінде салада 110 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың күнделікті жұмысы машина жасау, құрылыс, мұнай-газ және энергетика саласының дамуына серпін береді.