Алименттің ақшасын құмар ойынға жұмсаған: баласына қарыз Семей тұрғыны түрмеге тоғытылды

Ол алты жыл бойы алимент төлеуден жалтарып келген
Sputnik
АСТАНА, 18 шілде – Sputnik. Семей қаласында алимент төлемеген ер адам түрмеге қамалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаланың 38 жастағы тұрғыны алты жыл бойы алимент төлемей келген. Осы уақыт ішінде ұлы он жасқа келген. Ал әкесінің қарызы 5 миллион теңгеге жетті.
"Бұған дейін сот оны бас бостандығын шектеуге үкім шығарған. 100 сағаттық түзеу жұмыстарын да белгіледі. Алайда ер адам пробациялық бақылау тәртібін өрескел бұзып жүрген. Атап айтқанда, тіркеуге келмей қойған. Оған қоса, әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - дейді қала соты.
Осыған байланысты бас бостандығын шектеу жазасы 10 айға бас бостандығын айыруға ауыстырылды. Семейдегі түрмеде жазасын өтеуші жұмысқа да тұрғызылды. Сол жерде кір сабын шығаратын цехте жұмыс істеп жүр. Ал жалақыдан алименттің қарызы төленіп тұрады.
"Әйелім екеуіміз үш жылдай бірге тұрдық. Жас болдық қой, тұрақты жұмыс болмады. Ал ақшаның бәрін букмекерлік контораға және түнгі ойын-сауыққа жұмсадым. Пробация есебінде жүргенде жауапкершлігімді дұрыс сезінбедім. Қазір үйде болатын едім. Енді, түрмеге қамалып, үнемі бақылауда жүруге тура келеді", - дейді сотталушы.
Алимент төлемеген ақтаулық пәтерінен айырылды