АСТАНА, 17 шілде – Sputnik. Шымкенттік көпбалалы отбасы сатып алу құқығымен жалға алған баспанасынан айырылып қала жаздады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Жоғары соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент тұрғыны ипотекалық компаниямен (АҚ) құны 13 миллион теңгеден асатын үш бөлмелі пәтерді сатып алу құқығымен жалдау шартына отырған. Ол жалдау ақысын уақытында төлеуге міндеттелді, бірақ 2 миллион теңгеден астам қарыз қордаланып қалған.
"АҚ қарызды өндіріп алу, жалдау шартын бұзу және жалға алушыны үйден шығару туралы талаппен сотқа жүгінген", - деп жазылған хабарламада.
Кәмелетке толмаған төрт баланың әкесі – жауапкер қарыз сомасына дауласпаған. Материалдық жағдайының қиындығын алға тартып, оны пәтерден шығармауды, қарызды өтеуге және дауды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беруді сұрады.
Азаматтық кодекске сәйкес төлем кестесін бұзу жалдау шартын бұзуға негіз болады.
"Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында тараптар бітімгершілік келісімге келе алмаған. Сондықтан сот талапты қанағаттандырды: қарызды өндіріп алып, жалдау шартын бұзып, төрт баласы бар жауапкерді үйден шығару туралы қаулы шығарды", - деп жазылған хабарламада.
Алайда апелляциялық сатыда тараптар татуласып үлгерді. Шымкент қалалық сотымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім бекітіліп, іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды.
Жасалған келісімдерге сәйкес, жауапкер осы үйде отбасымен тұруын жалғастыра отырып, қарызды өтеуге міндеттенді. Сатып алу құқығымен жалдау шартының талаптары тараптар өз міндеттемелерін толық орындағанға дейін күшінде болады.