АСТАНА, 16 шілде – Sputnik. Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы ЕАЭО мемлекеттерінің еңбек көші-қоны саласындағы 2023-2024 жылдарға арналған ұлттық заңнамалық актілеріне жүргізілген мониторинг нәтижесін мақұлдады.
Зерттеуге сәйкес, 2024 жылы ЕАЭО аясындағы еңбек мигранттарының саны 2023 жылмен салыстырғанда 2,98%-ға өсті. Сонымен қатар одақ елдері ЕАЭО азаматтарының құқықтарына және заңсыз көші-қонға қарсы күрес шараларына ерекше назар аудара отырып, көші-қонды реттеуді жетілдіруді жалғастырып жатқаны аталып өтті.
"Мүше мемлекеттердің заңнамалық бастамаларының ЕАЭО шартының нормаларына қайшы келмеуі және одақ пен үшінші елдер азаматтарының құқықтарын нақты бөліп көрсетуі маңызды. Мониторинг елдердің одақ аясында еңбек мигранттары үшін қолайлы жағдай жасау, оның ішінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын растайды", - деді ЕЭК экономика және қаржы саясаты министрі Бақыт Сұлтанов.
Мониторинг көрсеткендей, мүше мемлекеттер жоғары білікті мамандарды тарту және ЕАЭО елдері азаматтарының болуын жеңілдету бойынша шараларды жүзеге асырып жатыр. Негізгі өзгерістер арасында:
одақ мемлекеттерінен келген еңбек мигранттарының болу ережелерін ырықтандыру;
заңсыз көші-қонға және қауіпсіздікке бақылауды күшейту.
Ең маңызды өзгеріс Ресей Федерациясының заңнамасында болды, онда 2024 жылы шетел азаматтарының болуын бақылау күшейтілді, көші-қон ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік қатаңдатылды, мигранттардың балаларын жалпы білім беру ұйымдарына қабылдау тәртібі түзетілді.
Мониторинг аясында тараптар одақ елдерінің құзыретті органдарына жыл сайынғы есеп беру арқылы ЕАЭО мемлекеттерінің еңбек көші-қоны саласындағы ұлттық заңнамасына тұрақты талдау жүргізу қажеттігін атап өтті.