Әскерге шақыру тәртібі өзгереді – президент заңға қол қойды

Заң бойынша әскери қызметті қайта-қайта шегеруге тыйым салынады
Sputnik
АСТАНА, 16 шілде – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық тәрбие мен әскери қызмет бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Заң бойынша әскери қызметті қайта-қайта шегеруге тыйым салынады. Атап айтқанда, бакалвриат, магистратура мен докторантура үшін бір қана әскери міндетті шегеруге болады. Ал адам тағы магистратуға түсіп оқыса, әскери қызмет кейінге шегерілмейді.
Бұдан бөлек, заңда әскерге барған азаматтарға сан алуан жеңілдіктер беру қарастырылған. Олар:
әскерге барғандар үшін оқуды өтеу міндетін алып тастау;
медициналық комиссия кезінде әскерге шақырылған адамның жұмыс орнын, қызметін және жалақысын сақтау;
әскерге өз еркімен барған жастардың грантын сақтау және әскери қызмет кезінде оны білім беру ұйымынан шығарып жіберуге жол бермеу;
ұлттық бірыңғай тестілеу мен емтихандардың нәтижелері есепке алынбай, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына қызметтен кеткен күннен бастап екі жыл ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына өтеулі негізде оқуға түсу.
Сондай-ақ, мерзімді әскери қызмет атқару кезінде азаматтық салада сұранысқа ие қосымша мамандық алуға мүмкіндік жасалады. Мысалы, әскери борышын өтеу кезінде автобус жүргізушісі мамандығын меңгерген сарбаз қызметін аяқтағаннан кейін қосымша оқусыз бірден жұмысқа тұра алады.
Ал әскери-патриоттық тәрбиелеу мен Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру мақсатында республика бойынша ауқымды шаралар қолға алынады:
республикалық және өңірлік деңгейде әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңестері құрылады;
әскери-техникалық мектептер әскерге шақырылушыларды ғана емес, азаматтық салада талап етілетін аралас жұмысшы мамандықтары бойынша әскери қызметшілерді даярлайды;
терең әскери даярлықпен айналысатын азаматтарды реттеу және есепке алу үшін "жас сарбаз" және "жас айбын" деген ұғымдар енгізіледі;
жергілікті атқарушы органдардың мамандандырылған әскери мектептерді, үйірмелер мен секцияларды құру және қамтамасыз ету жөніндегі құзыреті айқындалады.
Тоқаев әскерге шақыру туралы жарлыққа қол қойды