АСТАНА, 15 шілде – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов тарифтер өсіру тоқтатылмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін үкімет кейбір коммуналдық тарифтерді өсіруді кейінгі қалдырды деген ақпарат шыққан. Бектенов бұл мәліметті жоққа шығарды.
"Негізі тарифтерді өсіру тоқтатылған жоқ. Осы мүмкіндікті пайдаланып, тарифтерді өсіру ары қарай жалғаса беретінін айтқым келіп отыр", - деді Бектенов үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, үкімет тарифтерді нарықтық деңгейге дейін жеткізу жұмыстарын жалғастыра береді.
Ал соңғы шешім коммуналдық тарифтер өсіруді кейінгі қалдырумен байланысты емес. Үкімет тарифтерді көтеру жиілігін ғана өзгертті.
"Бұған дейін тарифтерді өте ұзақ уақыт бойы реттеп отырған. Соның салдарынан тұрғын-үй коммуналдық шаруашылыққа ақша салуға мүмкіндік болмады. Екібастұз бен Риддердегі аппаттар да содан болды", - деп түсіндірді Бектенов.