АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі бірқатар негізгі жаңалықтарды көздейтін заң қабылданды.
Қабылданған заң шеңберінде 2026 жылы МӘМС жүйесі жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен дағдарысты және шұғыл әл-ауқат деңгейі (Д және Е санаттары) бар 1 миллионға жуық адамды қосымша қамтитын болады.
️Бұл табысы төмен ҚР азаматтарының тағы 5%-і МӘМС есебінен жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізе алатынын білдіреді. Халықтың осы санаттары үшін жарналар осы азаматтардың медициналық көмекке жүгіну фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін болады.
2027 жылдан бастап Қазақстан барлық тараптардың — мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігінің барынша жоғары дәрежесімен толыққанды сақтандыру моделіне көшуді жоспарлап отыр.