АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Алматы қаласында "Matic Basket" қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қаржылық млниторинг агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, пирамиданы ұйымдастырғандар YouTube, WhatsApp пен Telegram арқылы жарнама жасап, ақшаны "Matic Basket" жобасына салуға шақырған. Криптовалюта биржасында майнинг пен трейдинг арқылы жоғары пайданы уәде еткен. Оған сенген адамдар 5 000 теңгеден 1 100 АҚШ долларына дейін ақша салған. Бірақ оларға ешқандай растайтын құжаттар берілмеген, келісімшарттар да жасалмапты.
"Жаңа қатысушыны тартқан жағдайда әрбір қаржылық операциядан 10% көлемінде кіріс түсетіні айтылған. Нәтижесінде қаржы пирамидасына Қазақстан мен ТМД елдерінің 1900-ден астам азаматы тартылып, жалпы сомасы 80 млн теңгеден астам қаражат салынған", - дейді агенттік мамандары.
Қазіргі кезде бір күдіктіге әйелге елден шығуға тыйым салынды. Тергеу шаралары жалғасып жатыр.