АСТАНА, 14 шілде – Sputnik. Алматы онкологиялық орталығында химиотерапиялық препараттарды дайындайтын роботтандырылған жүйе – KiroOncology енгізілді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
Бұл жүйе бұған дейін Еуропа мен АҚШ-тың медициналық мекемелерінде қолданылған.
"Қазақстанда мұндай технология алғаш рет пайдаланылып жатыр, бұл – онкологиялық тәжірибеде автоматтандыру мен қауіпсіздікті арттыру жолындағы маңызды қадам", - деп жазылған хабарламада.
Робот не істейді?
Роботтандырылған құрылғы:
Препарат дозасын дәл есептейді, адам факторын болдырмайды,
360 градустық камера мен кескін базасы арқылы дәрі-дәрмекті анықтайды,
Штрихкодтарды тексеріп, компоненттерді араластыруға дейін және кейін өлшейді,
Дозалау мен таңдау қателіктерін болдырмайды,
Қауіпті заттармен жанасуды азайта отырып, пайдаланылған материалдарды өздігінен жояды.
Бұл технология дәрі-дәрмекті қолмен дайындаған кезде бұрын цитотоксикалық заттармен байланысқа түсуге мәжбүр болған медициналық қызметкерлер үшін қауіпті айтарлықтай төмендетеді.
"KiroOncology роботы екі механикалық манипулятормен жабдықталған, олар препараттарды флакондарға құю және араластыру процесін орындайды", - дейді мамандар.
Процесс аяқталғаннан кейін құрылғы пайдаланылған бөтелкелер мен шприцтерді химиотерапия қалдықтарымен жанасуды болдырмай, автоматты түрде тығыздалатын герметикалық контейнерде жояды.
Орталық жұмысындағы қосымша технологиялар
Роботтан басқа, Алматы Онкологиялық орталығында KiroLink платформасында Kiro Assist жүйесімен жабдықталған BiOptima IT II класты қауіпсіздік ламинарлық бокстары да пайдаланылады. Бұл бокстар цитостатикалық препараттарды қолмен сұйылтуға мүмкіндік береді, бірақ препаратты сәйкестендіру, штрихкодты тексеру, өлшеу, визуалды бақылау және құжаттау секілді бақылаудың барлық кезеңі сақталады.
"Көптеген онкологиялық мекемеде химиопрепараттар әлі де әдеттегі ламинарлық шкафта дайындалады, бұл қызметкерлер мен науқастар үшін қауіп төндіреді", - деп жазылған хабарламада.
Роботтандырылған жүйені енгізу – бұл тек технологиялық жаңалық емес, сонымен қатар Қазақстандағы онкологиялық көмектің қауіпсіздігін, дәлдігін және заманауилығын арттыру жолындағы маңызды қадам.