АЛМАТЫ, 13 шілде – Sputnik. Шомылу маусымы басталғалы бері 51 адам суға батқан. Оларға көмек көрсетіп, ажалдан арашалап қалған құтқарушылар адамдар көп жағдайда жүзу ережесін сақтай бермейтінін айтты. Тәжірибелі құтқарушы Бейсенғали Дүйсебаевпен Sputnik Қазақстан тілшісі тілдесті.
Республикалық жедел құтқару жасағы сүңгуірлік-құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы Бейсенғали Дүйсебаев
© Sputnik / Айдана Дайырова
Бейсенғали Дүйсебаев он жылдан бері құтқарушылық қызмет атқарады. Республикалық жедел құтқару жасағы сүңгуірлік-құтқару бөлімшесінің бас құтқарушысы шомылу маусымында тәжірибелі адамның өзіне қауіп көп дейді.
"Суға демалуға барған адам ең алдымен өзі жауапкершілік танытып, бала-шаға және жақындарына бас-көз болу керек. Сондай-ақ көлдерде, арнайы жасақталған жерлерде суға шомылу, құтқарушылар айтқан ұсыныстарды бұлжытпай орындау - басты ереже", - дейді Дүйсебаев.
Суға батқан адам көмек сұрай алмайды
Оның айтуынша, суға батып бара жатқан адам көмек сұрай алмайды.
"Ол ешқашан көмек сұрап дауыс шығармайды, сондықтан бақылап қарап отыру өте маңызды. Суға батқандардың көпшілігі арнайы жасақталмаған жерлерде шомылғандар. Ондай жерлерде су астында шөп, сынған әйнек болуы мүмкін. Су асты бедері белгісіз", - дейді құтқаршы.
Өзенді кешіп өтпеңіз
Өзендер де қауіпті болып саналады. Өйткені судың ағысы қатты және тастары тайғақ келеді.
"Өзенді кешіп өту, терең немесе ортасына барып шомылу өте қауіпті. Адам судың ағысымен басын ұрып есінен тану, дене мүшесін қатты жарақаттауы мүмкін. Суда көбіне жүзе алмайтын емес, жүзу білетін адам көп зардап шегеді", - дейді Бейсенғали Дүйсебаев.
Дүрбелең – адамның басты жауы
Суға батқан адам өзін сабырда ұстап, ептеп арқаға жатып, су бетінде қалықтап шығуына болады. Бастысы дүрбелеңге салынбау керек.
"Аяғы тартылып қалған жағдайда, аяғының саусақтарынан ұстап жоғары тартса тартылғаны кетеді. Олай болмау үшін суға түсерден бұрын тізеге дейін кіріп, үстіне су шашып денені үйретіп алу қажет", - дейді ол.
Жалпы суға батқан адамға көмек көрсету әдісі бар.
"Су астына сүңгіп артынан артынан шығу керек. Зардап шегушінің басын су бетінде ұстап, сабырға келтіру керек. Суға батып жатқан адам өзін құтқару үшін мағынасыз қимыл жасап, көмек көрсетуге келген адамды батырып жіберуі әбден мүмкін", - дейді Бейсенғали.
Құтқарушының айтуынша, қарыс-қадам жерде суға батқан адамның өзін құтқару оңайға соқпайды.
"Қолынан сүйреп әрең шығардық..."
Түнгі сағат 21:00-ден кейін суға шомылуға болмайды. Алайда ережені сақтамай, көмекке келген құтқарушылардың өзін әбігерге салатындар бар.
"Түнгі сағат 22:00 шамасында асымызды ішіп демалып отыр едік. Су жағасындағы дәмханада ішімдік ішіп отырған адам суға түсемін деп шығып, жағалаудан суға секірді", - дейді құтқаршы.
Мұны көрген мамандар қайыққа мініп дереу жеткен.
"Салмағы өте ауыр ер кісі болғандықтан, қайыққа отырғызу қиындық туғызды. Жаңадан 10 метр қашықтықта болсақ та, судан шығару біраз уақыт алды. Қайықтың шетін ұстатып қойсам, жаңағы кісінің ұстап тұруға шамасы келмеді. Қайықтың басы оңға, солға бұрыла береді. Газ басып қайықты түзейін десек, қолын жібере салады. Қолынан ұстап жағаға әрең жеткізген едік", - дейді құтқарушы.
Жазда көбіне алкогольдік ішімдік ішкендер суға батып жатады. Су қателікті кешірмейді, сол себепті демалу мәдениетін сақтау керек, дейді бас құтқарушы.