Павлодарда тойға барған қонақтар уланды – сот үкім шығарды

Сот жеке кәсіпкерді кінәлі деп танып, оған 275 мың теңге айыппұл салды
Sputnik
АСТАНА, 11 шілде – Sputnik. Павлодар қалалық соты санитарлық талаптарды өрескел бұзған мейрамхана иесіне қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Сот материалына сәйкес, 8 маусымда мейрамханада өткен тойдан кейін қонақтар аурухананың көмегіне жүгінді. Олардан бактериялық ішек инфекциясы анықталды.
Сол күні эпидемиологиялық тексеру басталып, зертханалық сынамалар алынды. Нәтижесінде мейрамхана тиісті рұқсатсыз жұмыс істегені анықталды. Санитарлар дереу жұмыс істеуге тыйым салған. Соған қарамастан, мейрамхана 9 маусымда да жұмысын жалғастырады. Соның салдарынан қайтадан тамақтан улану фактілері тіркелді, тағы 18 адамнан бактериялық ішек инфекциясы табылды.
Бизнесмен сотта өз кінәсін мойындап, құқық бұзушылықты бірінші рет және абайсызда жасағанын мәлімдеді.
Судья жеке кәсіпкерді кінәлі деп танып, оған 275 240 теңге айыппұл салуға үкім шығарды. Ал мейрамхана қызметі бір айға тоқтатылды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Астанадағы дәмханада 20 адам уланып қалды