АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. Ресей журналистер одағы халықаралық ұйымдарға, журналистік және құқық қорғау ұйымдарына хат жолдап, Sputnik Әзербайжан қызметкерлерін тез арада босатуға көмектесуге шақырды, деп хабарлайды РИА Новости.
"Ресей журналистер одағының (РЖО) халықаралық ұйымдарға, журналистік және құқық қорғау қауымдастықтарына ашық хаты: Ресей журналистер одағы Бакуде 30 маусымда заңсыз ұсталған Sputnik Әзербайжан ақпарат агенттігінің журналистері – редакция басшысы Игорь Картавых пен шеф-редактор Евгений Белоусовке қатысты болып жатқан бассыздыққа байланысты терең алаңдаушылық пен батыл наразылығын білдіреді. Біз Сіздерді жағдайға араласуға және әріптестерімізді тез арада босатуға көмектесуге шақырамыз", - делінген РЖО сайтында жарияланған хатта.
Хатта Ресей Журналистер одағы халықаралық ұйымдарды "журналистердің құқықтарын қорғау бойынша шұғыл шаралар қабылдауға" шақырып, ресейлік дипломаттар мен адвокаттардың консулдық және заңгерлік көмек көрсету үшін ұсталғандарға кедергісіз кіруін қамтамасыз етуді, сондай-ақ билік органдары әрекетінің құқықтық негіздері туралы толық ақпаратты қоғамға ұсына отырып, қамауға алудың мән-жайын тәуелсіз және ашық тергеуді талап еткен.
30 маусымда Әзербайжан билігі Sputnik Әзербайжан агенттігінің жеті қызметкерін, оның ішінде редакция басшысы Игорь Картавых пен шеф-редактор Евгений Белоусовты ұстады. Оларға "ФҚҚ агенттері" деген айып тағылған.
Ақпан айында Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Sputnik агенттігінің республикадағы жұмысын тоқтатуға ниетті екенін мәлімдеді. Sputnik редакциясы Әзербайжанда жұмысқа ресми тыйым салынбағанын хабарлады. Осы уақыт ішінде екі елдің сыртқы істер министрліктерінің жұмыс топтары арасында келіспеушіліктерді шешу бойынша диалог жүргізілді.