АСТАНА, 10 шілде – Sputnik. "Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты" АҚ (EEDI) ресейлік құрал-жабдық өндірушілерімен энергия үнемдеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп жатыр, деп хабарлады Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
"EEDI Екатеринбургтегі Иннопром-2025 көрмесіне қатысып, Қазақстан аумағында энергия үнемдеу және энергия тиімділігі саласында ынтымақтастық орнатуға мүдделі ресейлік жетекші құрал-жабдық өндіруші компаниялармен келіссөз жүргізді", - деп жазылған хабарламада.
Келіссөздер нәтижесінде "Электр энергетикасын дамыту энергия үнемдеу институты" АҚ мен Enercom компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжат Қазақстан нысандарында энергия тиімді жарықтандырудың заманауи жүйелерін енгізу кезінде техникалық шешімдермен және сараптамалық қолдаумен алмасуды көздейді.
"Электр энергетикасын дамыту энергия үнемдеу институты" АҚ заманауи энергия үнемдейтін технологияларды енгізу және интеллектуалды инфрақұрылымды дамыту бағытында халықаралық серіктестікті нығайтуды жалғастыруда", - дейді ведомство.
Айта кетері, 2025 жылғы 7–10 шілде аралығында Екатеринбург қаласында Ресейдегі ең ірі өнеркәсіптік көрмелердің бірі — Иннопром-2025 өтіп жатыр. Бұл көрме халықаралық технологиялық диалог пен іскерлік келісімдер жасасуға арналған тиімді алаңға айналды.