АЛМАТЫ, 10 шілде – Sputnik. Шомылу маусымы 1 маусымда басталғаннан бері Қазақстан бойынша суға батқан 51 адам, оның ішінде 13 бала құтқарылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігі.
Жалпы республика бойынша 722 ресми шомылу орны бар:
245 коммуналдық,
464 жекеменшік жағажай,
13 спорт пен туризмге арналған орын.
Қосымша тағы 82 аймақ ашу жоспарланып отыр. Қауіпсіз және тыйым салынған аумақтар туралы ақпарат 2GIS жүйесіне енгізілген.
"Қауіптілігі жоғары жерлерде 201 мобильді құтқару бекеті орнатылды. Шомылу маусымы басталғалы бері полициямен бірлесіп 12 281 рейд пен патрульдеу жүргізілді. Нәтижесінде судағы ережені бұзған 660 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - дейді ведомство.
Министрліктің мәліметінше, суға батуға басты себеп – ересектердің қарауынсыз қалу және жүзе алмау.
Айта кетері, 10 шілдеде Қазақстанның ТЖМ құтқарушылары елорда су айдындарында ауқымды рейд жүргізді.