ЕАЭО елдерінде жүк тасымалы цифрландырылады

Sputnik
АСТАНА, 9 шілде – Sputnik. ЕАЭО елдері халықаралық автомобиль жүк тасымалында электронды халықаралық жүкқұжатын (e-CMR) пайдалану бойынша пилоттық жобаны дайындауға кірісті, деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Пилоттық жобаны өткізу туралы шешім 2024 жылы 29 қарашада өткен Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің отырысында қабылданды.
Сарапшылардың пікірінше, e-CMR-ді қолдану жүкқұжатын өңдеу уақытын айтарлықтай үнемдейді. Мысалы құжаттың қағаз нұсқасына 20 минуттан астам уақыт кететін болса, e-CMR оны 1 минут ішінде орындайды.
"Бұл тауардың шекарадан өтуін жылдамдатып, бизнеске түсетін әкімшілік жүктемені азайтып, процестердің ашықтығын арттырады", - деп жазылған хабарламада.
Жобаға уәкілетті мемлекеттік органдар, электронды құжат айналымы операторлары, тасымалдаушылар, жүк жөнелтушілер мен алушылар қатысады.
Жобаны іске асыру үшін ЕЭК алқасы 2025 жылдың 11 наурызында арнайы жұмыс тобын құрды. Биыл 12 мамырда өткен жұмыс тобының бірінші отырысында жобаның мерзімі, құрылымы, сондай-ақ заңдық және техникалық талаптары талқыланды. e-CMR көмегімен пилоттық тасымалды бастау келер жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.
Бүгінгі таңда жұмыс тобы келесі негізгі міндеттерді жүзеге асыруда:
бірыңғай e-CMR форматын әзірлеу;
трансшекаралық өткізу кезінде құжаттардың құқықтық маңыздылығын қамтамасыз ету;
ЭҚА операторлары мен сенімді үшінші тарап арасындағы өзара әрекеттесу тәртібін анықтау.
Жұмыс тобының келесі отырысы алдағы қыркүйек айында өтеді.
Пилоттық жоба нәтижелері ЕЭК кеңесіне ұсынылады және Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде электронды ілеспе құжаттарды ауқымды енгізу бойынша кейінгі шешімдер үшін негіз болады.